Жаңалықтар

Украинадағы соғыс алты ай ішінде аяқталуы мүмкін — Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Украинадағы соғыс алдағы алты ай ішінде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Кипрге жасаған сапары барысында айтты, деп жазады qandastar.kz.

Зеленскийдің сөзінше, Еуропадағы серіктестермен, сондай-ақ АҚШ пен «ниет білдіргендер коалициясының» барлық мүшелерімен жүргізіліп жатқан келіссөздер жаңа кезеңге шыққан.

«Біз еуропалық серіктестерімізбен, сондай-ақ, әрине, АҚШ-пен және ниет білдіргендер коалициясының барлық мүшелерімен келіссөздердің жаңа кезеңге жеткенін тіркеп отырмыз. Бұл соғыс сіздердің ЕО Кеңесіндегі алты айлық төрағалық кезеңдеріңізде аяқталуы мүмкін», — деді Зеленский.

Ол бұл жерде Кипрдің Еуропалық одақ кеңесіндегі алты айлық төрағалығын меңзеді.

Президент X әлеуметтік желісіндегі парақшасында да бейбітшілікке жету үшін қысымның маңызын атап өтті.

«Қысым соғыс көзін әлсірететіндей деңгейге жеткен кезде бейбітшілік орнайды. Қазіргі таңда мұндай қысым бар, және оны қолдауда Еуропалық одақ шешуші рөл атқарып отыр», — деп жазды ол.

Зеленскийдің айтуынша, Мәскеуге қарсы санкцияларды сақтап қалу және күшейту соғысты тоқтатуға келісімге келудің негізгі тетігі болып қала береді.

«Ресей жоғалтқан әрбір долларды агрессор ретінде жоғалтып отыр», — деді Украина президенті.

Бұған дейін Парижде өткен саммитте атысты тоқтату жағдайында Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесі талқыланған болатын. Жоспарға сәйкес, Франция, Ұлыбритания және бірқатар басқа мемлекеттер Украинаға өз әскерін жіберуге дайын. Ал Германияны қоса алғанда, кей елдер Украинаны сырттан әскери тұрғыда қолдауға әзір екенін білдірді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button