Жаңалықтар

Ұл мен қыз тәрбиелейтін ұлттық бағдарлама қабылдау керек – депутат ұсынысы

Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың көбейіп бара жатқанына алаңдап, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды талап етті. Ол бұл мәселені тек құқықтық шеңберде емес, қоғамның рухани, мәдени дағдарысы деп бағалады, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.

“Кейінгі жылдары елімізде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында бұзақылық көбейгені біздің қоғамды қатты алаңдатып отыр. Бұл – тек құқықтық мәселе ғана емес, бұл – бүкіл қоғамның рухани-мәдени ахуалын, оның ішінде отбасылық құндылық пен мектептегі тәлім-тәрбиенің әлсірегенін көрсететін әлеуметтік құбылыс”, – деді ол Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат елді дүрліктірген бірнеше оқиғаны мысалға келтірді:

  • Астанада 14 жастағы баланың 5 жастағы бүлдіршінге пышақ ала жүгіргені;
  • Семейде оқушылардың өз қатарласын ұрып-соққаны түсірілген видео;
  • Жаңаөзенде лицей оқушысының соққыға жығылып, ауруханаға түсуі.

Бұл оқиғалар оқшау емес, жаппай үрдіске айналып бара жатқанын айтқан Назаров Бас прокуратураның дерегін алға тартты: 2024 жылы елімізде жасөспірімдер тарапынан 1890 қылмыс тіркелген. Бұл – күніне шамамен 5 бала құқық бұзушылыққа барады деген сөз.

Назаров ІІМ жариялаған «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылын» құптағанымен, мәселе тек полициямен шешілмейтінін айтты. Оның айтуынша, қазір уақытша ұпай жинау мен көзбояушылық емес, ұлт болашағын айқындайтын нақты бағдарлама қажет.

Осы орайда, депутат Үкіметке төрт нақты ұсыныс жолдады:

  • Құқық қорғау, білім және әлеуметтік қызметтердің байланысын күшейту;
  • Жасөспірімдер қылмысына қатысты бірыңғай статистика жүргізу;
  • Психологиялық және әлеуметтік қолдауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу;
  • Ұл мен қыз тәрбиесіне арналған ұлттық деңгейдегі кешенді бағдарлама қабылдау.

“Ұрпақ тәрбиелеу – уақытша науқан емес, мемлекеттің мәңгілік міндеті”, – деді Ардақ Назаров.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close