Жаңалықтар
Ұлан Рысқұл жаңа қызметке тағайындалды

Фото:egov
Қазақ күресінің балуаны Ұлан Рысқұл Жетісу облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы облыстық Спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz
«Жетісу облысы әкімінің бұйрығымен Ұлан Рысқұл Жетісу облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды», – делінген ақпаратта.
Ол бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру агенттігінің дзюдодан (ерлер) ҚР ұлттық штаттық командасының нұсқаушы-спортшысы, «Халықаралық «Qazaq kuresi» федерациясы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің бас хатшысының кеңесшісі, бас хатшы қызметін атқарған. Ал еңбек жолын әуелі Астана қаласында ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК дзюдодан (ерлер) ҚР ұлттық штаттық командасының нұсқаушы-спортшысы ретінде бастаған.
Естеріңізде болса, Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы болған. Оның үстіне ол дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған спорт шебері.