
Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шүкеевтің қарындасы Ләззат Шүкееваның әрекетіне қатысты дау қайтадан қоғам назарын аударды, деп хабарлайды qandastar.kz. Желіде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қазынашылық департаментінің бұрынғы қызметкері Загила Рахымбаева бірнеше жылдан бері әділдік іздеп, өзіне жасалған қысыммен күресіп жүр. Бұл мәліметті қоғам белсендісі Жан Ахмадиев жариялады.
Загила Рахымбаеваның айтуынша, ол Қазынашылық департаментінде жетекші маман әрі бөлім басшысы қызметіне тағайындалған күннен бастап Ләззат Шүкееваның түрлі қысымына ұшыраған. Оның сөзінше, жоғары лауазымды тұлға заңға қайшы әрекеттерге көз жұма қарауды, маңызды құжаттарды өткізіп жіберуді талап еткен. Бюджет қаржысының заңсыз жұмсалуына жол бермей, қарсылық білдіргені үшін алдымен оған негізсіз сөгіс беріліп, кейін лауазымынан төмендетілген. Прокуратура бұл қысымның заңсыз екенін растағанымен, мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппаған.
Загила Рахымбаева өзіне қатысты қудалаудың алдын ала жоспарланған әрекетке ұқсайтынын айтады. Ол істің кассациялық сотқа дейін жетуін талап етіп, Бас прокурордың бұл істі жеке бақылауына алуын сұрайды. Оның сөзінше, оқиғаға «үлкен» адамдардың қатысы бар екені байқалады және оған дәлел болатындай айғақтар жеткілікті. Рахымбаева бірнеше жыл бойы әділетсіздікпен күресіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік органдардан нақты шешім күтетінін жеткізді.
