Жаңалықтар
Ұлттық банк азық-түліктің неге қымбаттап жатқанын түсіндірді

Бүгінгі таңда Қазақстандағы инфляцияға ең көп үлес қосып отырған – қызмет көрсету саласы. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстандағы орташа инфляция 11,3%. Ал қызмет түрлері 16%-ға қымбаттаған.
Қызмет көрсету – тауардан мүлде бөлек көрсеткіш. Қызметтер – сол жерде бірден тұтынылады. Мысалы, тауарды арзан импортпен ауыстыруға болады, ал қызмет – жергілікті, яғни ішкі нарыққа тәуелді. Сол себепті қызмет бағасы ішкі сұраныстың артып жатқанын ең айқын көрсетеді. Егер экономикада артық ақша болса, шоктар мен ұсыныс тапшылығы болмаған жағдайда, ең алдымен қымбаттайтын сала – қызмет көрсету, – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ, ол азық-түлік бағасының қымбаттауына да тоқталды. Оның ішінде картоп, қант және еттің бағасы ерекше қарқынмен өсіп жатқанын айтады.
Азық-түлік инфляциясына рубль бағамының әсері де бар. Қазір Қазақстан азық-түлік импортының шамамен 45%-ын Ресейден алады. Геосаяси факторлар аясында рубльдің нығаюы ресейлік тауарларды Қазақстан үшін қымбаттатып жіберді.
⠀
Тимур Сүлейменов инфляцияны тежеуге бағытталған амалдарды атады.
Экономика жоғары қарқынмен дамыған кезде бюджет тарапынан ақша ағынын азайтып, ал баяулаған кезде – керісінше, үкімет тарапынан қолдау көрсету керек. Бұл тәсіл қазір бюджет, салық кодекстерінде және өзге құжаттарда нақты көрініс тапқан. 2026 жылғы бюджет жобасында бұл механизм толық іске асады деп үміттенеміз. Бұл – жүйелі шара. Бірақ оның әсері бірден байқалмайды, – деді Сүлейменов.
Ол тұтынушылық несиелеуге шектеу қою керегін айтады.
Соңғы бес жылда тұтынушылық несиелеу жылына 30%-ға өсіп отыр. Бұл – халық табысы мен ЖІӨ өсімінен әлдеқайда жоғары. Бұл жерде кем дегенде «қызуқанды» өсім белгілері бар, біз соны дер кезінде байқап, бақылауға алғымыз келеді, – деді Ұлттық банк басшысы.