Жаңалықтар

Ұлттық банк басшылығы 1,7 миллиард теңге сыйақы алған

2024 жылы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бастаған басшылық құрам мен директорлар кеңесінің мүшелеріне 1,7 миллиард теңгеге жуық сыйақы төленген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 22,8%-ға жоғары, деп жазды qandastar.kz

Банк мәліметінше, 2023 жылы бұл сома 1,4 миллиард теңге болған. Сыйақылар мен жалақылардың не себепті өскені және бұл қаражат нақты қанша адамға бөлінгені айтылмаған.

Салыстырмалы түрде, 2024 жылы Ұлттық банктің жалпы шығыны 355 миллиард теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 30%-ға артқан. Сол кезеңдегі инфляция деңгейі – 8,6%.

2025 жылдың ақпанына дейін Сүлейменовтің бес орынбасары болса, сол айда Ерұлан Жамаубаев бірінші орынбасар болып тағайындалды. Ұлттық банк құрамында 11 еншілес ұйым жұмыс істейді, оның ішінде Қазақстан теңге сарайы, Ұлттық төлем корпорациясы, Банкнот фабрикасы және Депозиттерге кепілдік беру қоры бар.

Ұлттық банктің ресми сайтында директорлар кеңесінің 19 мүшесі көрсетілген. Алайда олардың барлығы сыйақы алған-алмағаны нақтыланбаған.

Қазан айындағы баспасөз жиынында журналистер төраға Сүлейменовтен жалақысы туралы сұрады. Бірақ ол бұл ақпарат қызметтік құпия екенін айтып, мәлімет беруден бас тартты. Сонымен қатар, салық декларациясын да тек заң шығару органының шешімімен ғана жариялайтынын айтты.

2024 жылы Ұлттық банктің қызметкерлеріне жұмсалған шығындар 11%-ға өсіп, 54,2 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде жалақы 8,5%-ға көбейіп, 31 миллиард теңге, ал сыйақы 20%-ға өсіп, 16,5 миллиард теңгені құрады.

Сүлейменовтің сөзінше, қазан айының соңына дейін Ұлттық банк Астанадағы жаңа 12 қабатты ғимаратқа көшпек. Алайда жаңа кеңсенің құны жайлы сұраққа ол:

«Құпия ақпарат. Бұл соманы жариялауға құқығым жоқ. Қаражат толықтай Ұлттық банктің өз бюджеті есебінен бөлінді. Төлем бірнеше кезеңмен жүргізілді: аванс, аралық және соңғы төлемдер» – деп жауап берді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button