Жаңалықтар
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы өзгеріссіз қалдырды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілді.
Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Соңғы айларда бағаның өсуінне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция болып отыр.
Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды.
Сыртқы сектор тарапынан да бағаға қысым күшейе түсті. Бұл Ресейдегі жоғары инфляцияның сақталуына, жоғары сұраныс пен валюталық ауытқулар аясында әлемдік азық-түлік бағасының өсе түсуіне, сондай-ақ сауда қақтығыстарының күшеюінен және шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығынан туындаған жоғары белгісіздікке байланысты.
Жаһандық баға орнықты түрде өсу үрдісінде қалды. Сауда-саттықтағы шиеленіс инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділікті тежей түсті.
Базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орта есеппен барреліне 60 АҚШ долларына дейін төмендеу жағына қайта қаралды.
Қалыптасқан жоғары инфляция бұрын болжанған уақыттан да ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ауысқан. Бұл базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығын арттырады. Қалыптасқан жағдайды сақтау инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, баға өсімінің үдеуіне жол бермеуге және инфляцияны 5%-дық ортамерзімді мақсатқа жету жолында орнықты траекторияға қайтаруға бағытталған. Ұлттық Банк қажет болған жағдайда базалық мөлшерлемені көтеруі де мүмкін, — деп мәлімдеді Ұлттық банк.