Бұл туралы президент қабылдауында болған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Президентке экономика мен қаржы жүйесінің жай-күйі жөнінде есеп беріліп, 2026 жылға арналған жоспар таныстырылды.
Атап айтқанда, Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берді:
- Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 миллиард долларға өсті.
- 11 айдағы инвестициялық табыс шамамен 8,2 миллиард долларды немесе 13,7%-ды құрады.
- Есепті кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 миллиард долларға немесе 36%-ға ұлғайып, 62,1 миллиард долларға жетті.
- БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі биыл қаңтар-қараша айларында 2,6 триллион теңгеге немесе 11,7%-ға артып, 25 триллион теңге болды.
Президент инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығы мен цифрлық трансформация секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып, бірқатар тапсырма берді.



