Жаңалықтар
Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы ақшасына Ресейдің мемлекеттік облигацияларын сатып алған
Фото: ашық дереккөз
Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақысына Ресейдің мемлекеттік облигацияларын сатып алған. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылы ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 18,8 млрд теңгеге Ресейдің қаржы министрлігінің доллармен көрсетілген еурооблигацияларын сатып алған. Сатып алғаннан кейін бағалы қағаздардың құны 385 миллион теңгеге төмендеген. Бұл туралы мәлімет бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 1 тамыздағы есебінде көрсетілген.
Ұлттық банк 2022 жылғы 1, 2 және 3 ақпандағы, сондай-ақ 4 мамырдағы ресейлік мемлекеттік облигациялардың бірнеше шығарылымын сатып алған.
Ақпан айындағы облигациялар 2,1-ден 6,1 млрд теңгеге дейінгі сомаға сатып алынған және 4,25%-дан 12,75%-ға дейін пайда әкеледі деп болжанған. Алайда 1 тамыздағы жағдай бойынша бұл бағалы қағаздардың бағасы 20-35%-ға төмендеді.
Ал мамыр айында алынған екі шығарылым 603 және 642 млн теңгеге сатып алынған. Қазір олардың құны шамамен төрт есеге – 2,6 және 2,7 млрд теңгеге дейін өскен.
Жалпы алғанда, ресейлік бағалы қағаздарға салынған инвестициялар Қазақстан ұлттық банкінің салыстырмалы түрде шағын инвестициясы болып табылады. Салыстыру үшін ұлттық банк АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына 2,14 трлн теңге инвестициялаған, бүгінде олардың құны 2,21 трлн теңгеге дейін өсті.
Еске салсақ, бұған дейін зейнетақы қоры алаяқтарға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасаған еді.