Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Ұлыбританияның Ресейге салған санкциялары қазақ мұнайына әсер етеді – сарапшы

Ұлыбритания Ресейдің бірқатар мұнай компанияларына, оның ішінде «Татнефтьке» қарсы санкциялар енгізді. Жкономист Олжас Байділдиновтің айтуынша, мұның зардабы ауыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы LS басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшының айтуынша, «Татнефть» – мұнай-газ химиясы саласында озық технологиялары бар өңірлік көшбасшылардың бірі. Бұған дейін компанияның тәжірибесі мен көрсеткіштері «ҚазМұнайГаз» үшін бенчмарк болған.

Қазіргі таңда «Татнефть» Қазақстанда бутадиен өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр. Қаржы сарапшысының түсіндіруінше, бутадиен – каучук өндірісіне қажетті негізгі шикізат.

«Бұл аяқкиім, резеңке және соған ұқсас көптеген өнімдерге қажет. Мұның бәрі – мұнай-газ химиясы», – деді ол.

Экономист Қазақстанға мұнай-газ химиясын дамыту аса қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде мұнайдан жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірілмейді, ал әлемде керісінше, дәл осы бағыт қарқынды дамып келеді. Бутадиен жобасы – соның бір мысалы.

Сондай-ақ сарапшы «Татнефтьтің» каучук өндірумен айналысатын арнайы еншілес компаниясы бар екенін еске салды. Осы себепті қазақстандық тарап жобаны жүзеге асыру үшін ресейлік серіктесті таңдаған. Компанияда қаржы да, тиісті құзырет те бар.

Алайда енгізілген санкциялар бұл бастамалардың болашағын күрделендіреді. Олжас Байділдинов «Лукойл» мысалын келтіріп, санкциялардан кейін компанияның төлемдер мен қаржы аударымдарында, оның ішінде Қазақстанда да қиындықтарға тап болғанын айтты.

«Алдағы уақытта бұл жобалар айтарлықтай баяулауы мүмкін немесе үлесті беру, сату сияқты балама жолдар қарастырылуы ықтимал. Бірақ факт ҚМГ мұндай жобаларды инвестиция мен технология жағынан өз бетінше көтере алмайды. Еуропалық және америкалық компаниялар да шикізатты осында өңдеуге мүдделі емес. Олар мұнайды өздеріне алып кетіп, дайын өнім ретінде қайта сатуды қалайды. Нәтижесінде тек қытайлық компаниялар ғана қалуы мүмкін. Ал отандық жеке компаниялардың мұндай ауқымды жобаларды іске асыруға шамасы жетпейді», – деді экономист.

Сарапшының пікірінше, Ұлыбритания санкциялары басқа да тәуекелдермен қатар Қазақстанға кері әсерін тигізеді. Ол Каспий теңізіндегі «Лукойлға» тиесілі мұнай платформаларына дрондармен жасалған шабуылдарды еске салды. Бұл – теңіздегі үшінші кен орны.

«Дрондар мың шақырым қашықтағы майдан шебінен ұшты деу күмәнді. Олар жақын маңнан ұшырылған болуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін де қосымша қауіп тудырады», – деді экономист.

Оның айтуынша, мұның барлығы елдегі инвестициялық жобаларға теріс ықпал етеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button