Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қайырымдылық шарасы аясында бір күнде екі рекорд тіркелді. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады. Жоба барысында жергілікті тігіншілер 500 ұлттық шапан тігіп, Қазақстан рекордтар кітабына енді, деп жазады qandastar.kz.
«Бұл – Жаңаарқа ауданының рекордтар кітабына үшінші рет енуі. Бұған дейін жергілікті спортшы ультрамарафонмен танылса, енді ұлттық киім үлгісі тарихта қалды», – деді рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Тастүлеков.
Рекордқа қатысқан 17 тігінші әрқайсысы ондаған шапан тігіп шыққан. Киімдердің барлығы қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі мен аймаққа тән элементтермен безендірілген.
«Төрт күн ішінде 40 шапан тігіп үлгердік. Бұл біздің ортақ еңбегіміздің жемісі. Енді “Жаңаарқа шапаны” брендке айналады деп сенемін», – деді тігінші Жансая Сарсенбаева.
Шара барысында тағы бір ерекше жетістік тіркелді – жаңаарқалықтар 22 жылқының етінен дайындалған 500 табақ ұлттық ас ұсынып, қайырымдылық көмегін әлеуметтік аз қамтылған 300 отбасыға жеткізді.
Сонымен қатар қонақтар арасында дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Түркиядан келген туристер қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болып, шапандарды өз еліне апарып көрсетуді жоспарлап отырғанын айтты.