Үндістанның Одиша штатында жергілікті тұрғын қайтыс болған әпкесінің сүйегін қазып алып, банкке апарған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Daily Star мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға 27 сәуір күні Кендуджхар округіне қарасты Малипосы ауылында болған. Куәгерлер көшеде иығына матаға оралған сүйекті көтеріп бара жатқан ер адамды көріп, кейін оның Джиту Мунда екені анықталған. Ол банкке барып, сүйекті кіреберісіне қойған.
Белгілі болғандай, ер адам бірнеше күн бойы марқұм әпкесінің шотындағы 19 мың рупийді (шамамен 93 мың теңге) ала алмай жүрген. Банк қызметкерлері одан қайтыс болғаны туралы ресми куәлік сұраған. Алайда Мунда сауатсыз болғандықтан, мұндай құжатты қалай рәсімдеу керегін түсінбеген. Қызметкерлер де оған нақты түсіндіру бермеген, тек дәлел әкелуді талап еткен.
Ақырында ер адам шарасыздықтан осындай әрекетке барған. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты мән-жайлар анықталып жатыр.



