Жаңалықтар

Үш ай жұмыс істемеген және зейнетақы жарнасын төлемегендер тексеріледі

Фото: ашық дереккөз

Құжатқа сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңның 26-бабы 1-тармағы және 26-1-бабы 1-тармағы бойынша азаматтар мен уақытша жүрген шетелдіктердің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жауапты органдар арқылы жеткізіледі. Бұл деректер кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ақпараттық жүйесіне енгізіледі, деп жазды qandastar.kz

Құжатта бірнеше тармақ жаңа редакцияда ұсынылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі азаматтар категориялары бойынша деректер ұсынуға жауапты болады:

  • Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар (жұмыс берушіде кәсіби оқуға немесе субсидияланатын жұмыс орындарына жолданғандардан басқа) – «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі арқылы;

  • Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асырап алушылар мен қорғанушыларға төленетін жәрдемақы алушылар – «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған деректер базасы» және «Төлемдерді өңдеу ұйымы» жүйелері арқылы;

  • І топтағы мүгедекке күтім жасайтын жәрдемақы алушылар – аталған жүйелер арқылы;

  • Зейнетақы алушылар, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері – тиісті ақпараттық жүйелер және Сот әкімшілігі арқылы.

Сонымен қатар, жаңа тармақ бойынша, соңғы үш айда жұмыс істемеген және міндетті зейнетақы жарналарын төлемейтін, әлеуметтік жағдайы дағдарыстық немесе төтенше деңгейде тұрған тұлғалар «Отбасының цифрлық картасы» аналитикалық жүйесі арқылы есепке алынады.

Қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Back to top button