Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің кенеттен дүниеден өтуі қалың жұртшылыққа ауыр соққы болды. Елге сыйлы журналистің қазасынан кейін әлеуметтік желіде оның өмірінің соңғы сәттерінде жазған жүрекжарды жазбасы кеңінен тарап, көпшілікті терең ойға қалдырды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Бейсен Құранбек facebook парақшасында соңғы рет 2019 жылдың 9 желтоқсанында жазба қалдырыпты.
Аурумен арпалысқан қиын күндерінде Бейсен Құранбек өмірдің шынайы құндылықтары жайлы толғанып, өзі үшін аса маңызды түйіндерге келгенін жазған. Ол бұл жазбасында ақшаның, биліктің емес, адамдық қасиеттер мен рухани байлықтың мәңгілік екенін ерекше атап өткен.
Білу – бөлек, түсіну – басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім… Бірінші, ұстазым жиі айтатын “бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол – ниеттің, тілектің, батаның күші” деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың “басты байлық – денсаулық” деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған “Байлық – қолға ұстаған мұз, Бақыт – басқа қонған құс, Бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – Сіз бен Біз” деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім. Менің ешқандай «заслугам» жоқ туған күнімде ақжарма тілегін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!, – деп жазды ол.
Бұл жазба журналистің тек кәсіби білімімен ғана емес, терең парасатымен, өмірге деген ерекше көзқарасымен де ел жадында қалғанын аңғартады.



