Жаңалықтар

Үш жыл бойы әйелін күткен ер адам мен жұбайының түрме алдындағы кездесуі елді толқытты

Абай облысындағы әйелдерге арналған колонияда әсерлі оқиға орын алды, деп хабарлайды qandastar.kz. Алаяқтық ісі бойынша бес жылға сотталған 26 жастағы әйел жазасын өтеп, көптен күткен бостандығына қол жеткізді.

Жазасын өтеу кезінде ол мекемеде аспаздың көмекшісі болып еңбек еткен. Әкімшілік өкілдері оның адалдығын, еңбекқорлығын және мінез-құлқын ерекше атап өтті. Әйел қиындықтарға мойымай, өмірге деген сенімін жоғалтпаған, өйткені оны бостандықта жары мен екі баласы күтіп отырған.

Бостандық күні келгенде, Жетісу облысынан арнайы келген жұбайы түрме қақпасынан қарсы алды. Ерлі-зайыптылардың кездесу сәті жүректі елжіретті — екеуі көз жасын тыя алмай, ұзақ құшақтасып тұрды. Бұл сәт ананың өз отбасына, өміріне және болашағына қайта оралуының белгісі болды.

Бостандыққа шыққан әйел әкімшілікке ризашылығын білдіріп, жаңа өмірге үмітпен қарайтынын айтты.

“Ең бастысы – жақындарымның қасымда болуы. Осы күнді күн сайын күттім. Бұрын макияж суретшісі болып жұмыс істегем, енді сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Балаларыммен жаңа өмір бастағым келеді”, – деді ол.

№23 мекеме өкілдері де әйелдердің қоғамға бейімделуін қолдау — олардың басты міндеті екенін атап өтті.

“Біз сотталғандарды тек жазасын өтеп жатқанда ғана емес, бостандыққа шығуға дайындық кезінде де қолдаймыз. Мақсатымыз – олардың қоғамға қайта бейімделіп, өткен қателіктерін қайталамауы”, – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button