Жаңалықтар
Ұшақта адамдарды ұрып, жалған ақпарат таратқан қазақстандық сотталды

Фото:kazan.ru
Ұшақта адамдарды ұрып, жалған ақпарат таратқан қазақстандық сотталды , – деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот үкімімен Т. есімді азамат терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны және ұшақ бортында бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол сот үкіміне шағым түсірген.
Бірінші сатыдағы сот Т. алкогольге масаң күйінде «FlyArystan» АҚ-ның Астана–Өскемен бағытындағы ұшақ бортында бұзақылық жасап, ұшақ бортсерігіне күш көрсетіп, оны ұрып-соғып және жолаушының ескертуін елеместен, оны да ұрып-соғып, екі жәбірленушіге де дене жарақатын келтіргенін анықтаған. Оны рейстен түсіру кезінде бұзақылық ниетпен терроризм актісі туралы жалған хабарлаған.
Апелляциялық шағымда сотталған адамның адвокаты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Алайда қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.