ЖаңалықтарСараптама

Венесуэладағы жағдай Қазақстанның мұнай экспортына әсер ете ме?

Венесуэладағы мұнай саласына қатысты геосаяси өзгерістер Қазақстанның мұнай нарығына елеулі ықпал ете қоймайды. Мұндай пікірді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов білдірді, деп жазады Qandastar.kz Energyanalytics.pro Telegram арнасына сілтеме жасап. 

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда әлемдік мұнай бағасы барреліне шамамен 60 доллар деңгейінде қалып отыр. Бұл — салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Себебі 2022 жылы мұнай бағасы 100 долларға дейін көтерілсе, 2023 жылы 80 долларды, 2024 жылы 70 долларды құраған.

«2016-2019 жылдардағы 60 доллар мен қазіргі 60 доллардың экономикалық салмағы бірдей емес. Себебі доллардың сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді», – дейді Абзал Нарымбетов.

Қазақстан бюджетіне келер болсақ, сарапшы 2024-2025 жылдары мұнай бағасы 75 доллардан төмен болған жағдайда тапшылық болатыны бұрыннан белгілі екенін атап өтті. Алайда бюджет дефициті – жыл сайын қайталанатын құбылыс.

«Біз 2007 жылдан бері Ұлттық қордан жылына орта есеппен 10 млрд доллар алып келеміз. Бұл қор іс жүзінде үшінші бюджетке айналды. Мұнай бағасы 100 доллар болған жылдары да Ұлттық қордан қаражат алынған. Сондықтан қордың азаюын тек мұнай бағасымен байланыстыру дұрыс емес», – деді сарапшы.

Абзал Нарымбетов Венесуэла мұнайы мен Қазақстан мұнайының сапасы мүлде бөлек екенін де атап өтті. Венесуэла мұнайы – ауыр, ал Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай жеңіл әрі конденсаты көп.

«Жеңіл мұнайдан өнім көп шығады және ол мұнай-газ химиясында тиімді. Сол себепті қазір Теңіз маңында полиэтилен мен полипропилен өндіретін ірі кластерлер салынып жатыр», – деді ол.

Сарапшының дерегінше, аталған үш жоба Қазақстан мұнайының 70%-ын, ал экспорттың 80%-ын қамтамасыз етеді. Бұл кен орындарындағы мұнай толықтай экспортқа бағытталған және оны ішкі нарыққа мәжбүрлеп бұру мүмкін емес, себебі келісімшарттар солай жасалған.

Мәселен, Теңіз кен орнын кеңейту жобасына 50 млрд доллар инвестиция салынған. Инвесторлар – Chevron, ExxonMobil, «Лукойл», «ҚазМұнайГаз» – бұл қаражатты 2033 жылға дейін қайтаруды жоспарлап отыр.

«Олар үшін мұнай бағасының 50 немесе 60 доллар болуы аса маңызды емес. Инвесторлар шығынды баға арқылы емес, өндіріс көлемі арқылы өтейді. Сондықтан сыртқы саяси факторлар бұл жобаларға қатты әсер етеді деу қиын», – дейді Абзал Нарымбетов.

Сарапшының айтуынша, Венесуэлаға ірі халықаралық мұнай-газ компаниялары қайта оралмайынша және санкциялар толық алынбайынша, әлемдік нарықта айтарлықтай өзгеріс болмайды. Ал санкциялар, Ресей тәжірибесі көрсеткендей, қысқа мерзімде шешілетін мәселе емес.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button