Шағын және орта бизнес экономикалық өсімнің негізгі тіректерінің бірі саналады. Ал әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндігін кеңейту – экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін маңызды фактор. Бұл туралы Visa компаниясының Орталық Азия және Әзірбайжан елдері бойынша ШОБ шешімдерін дамыту бағытының директоры Қуаныш Танкиев Алматыда өткен Women in Business форумында айтты деп хабарлайды qandastar.kz stan.kz порталына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, шағын және орта бизнесті қолдау – компанияның стратегиялық басымдықтарының бірі. Visa қаржы институттарымен серіктестікті нығайтып, кәсіпкерлерге қаржылық процестерді тиімді ұйымдастыруға және басқару сапасын арттыруға бағытталған шешімдерді ұсынуда.
«Көптеген елдерде әйелдер кәсіпкерлікті кәсіби және қаржылық тәуелсіздікке жетудің жолы ретінде жиі таңдайды. Дегенмен, зерттеулерге сәйкес, бизнесті бастауда түрлі кедергілер кездесуі мүмкін. Олардың қатарында – сәтсіздікке ұшырау және қаржылық жағдайдың нашарлау қаупі, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті жоғалтып алу қорқынышы, сондай-ақ капитал тартудағы қиындықтар бар. Сонымен қатар, қыз-келіншектер бизнестің тұрақты дамуы үшін қажетті практикалық білім мен құзыреттердің жетіспейтінін жиі айтады», – деді спикер.
Спикердің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ШОБ субъектілерінің 48 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен, кәсіпкер әйелдер әлі де қаржыландыруға қол жеткізу, ресурстар тапшылығы және басқару үдерістерін жетілдіру сияқты бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.
Компания өкілдері әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің табысты әрі тұрақты дамуының маңызды шарты екенін атап өтті. Осы бағыттағы бастамалардың бірі – She’s Next, Empowered by Visa жаһандық бағдарламасы. Аталған жоба білім беру курстарын, сарапшылық қолдауды және гранттық қаржыландыруды қамтып, әйелдерге бизнес-идеяларын іске асыруға және жобаларын кеңейтуге мүмкіндік береді.
“Қазақстанда бұл бастама үшінші жыл қатарынан Halyk Bank серіктестігімен жүзеге асырылып келеді. Төрт кезеңнің нәтижесінде бағдарламаға Орталық Азиядан 40 мыңнан астам әйел қосылды. Олар білімге, менторлық қолдауға және кәсіби қауымдастыққа қол жеткізді. Бұл – тәжірибе алмасуға, серіктестер табуға, кері байланыс алуға және пікірлес жандардың қолдауын сезінуге мүмкіндік беретін орта. Өткен жылы төртінші кезең аясында еліміздің барлық өңірінен шамамен екі мың бизнес-жоспар келіп түсті. Соның ішінде жеті жеңімпаз грантқа ие болып, банктің жеңілдетілген қаржыландыруы арқылы бизнесін кеңейте алды”, – деді Қуаныш Танкиев.
Visa кәсіпкерлікті дамыту тек қаржылық құралдармен шектелмейтінін де атап өтті. Women in Business секілді алаңдар кәсіби қауымдастық құрып, тәжірибе алмасуға және сенімді серіктестер табуға жағдай жасайды.
Қуаныш Танкиевтің айтуынша, микро, шағын және орта бизнес үшін тек қаржыға қол жеткізу жеткіліксіз. Маңыздысы – ашық әрі тиімді қаржы басқару жүйесін қалыптастыру. Атап айтқанда, шығындарды тәулік бойы бақылау, жеке және бизнес операцияларын бөлу, шығын құрылымын нақты көру және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру қажет.
Бұл бағытта Visa-ның бизнес карталары кәсіпкерлерге ыңғайлы шешім ұсынады. Олар кәсіпорын есепшотын тікелей пайдалануға, қаражат қозғалысын икемді бақылауға және ШОБ үшін арнайы жаһандық әрі жергілікті ұсыныстарды қолдануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, автопаркі бар компанияларға арналған Visa Fleet жанармай карталары жанармай шығындарын, көлікке қызмет көрсету және жүргізушілерге қатысты өзге де шығыстарды орталықтандырылған түрде басқаруға жағдай жасайды.
АҚПАРАТ STAN.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.




