Әлем жаңалықтары

Вице-министр: 126 мың адам шетелде жұмыс істеп жүр

Фото: ашық дереккөз

Сенат кулуарында берген сұхбатында Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандық азаматтардың жағдайы туралы түсініктеме беріп, олардың елден шығарылуы және қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін екенін айтты, деп жазды qandastar.kz

Вице-министрдің сөзінше, Оңтүстік Кореяның көші-қон заңдарын қатаң сақтау қажет. Егер азамат заңсыз жұмыс істеп жүрсе, онда ең дұрыс шешім елден шығып, Қазақстанда тиісті келісім негізінде оқып, кейін ресми түрде жұмысқа орналасу.

«Қазіргі кезде заңсыз жүрген азаматтардың елден шығуына ешқандай кедергі жоқ. Алайда, олардың заңсыздық фактісі ресми тіркеліп, мәліметтер базасына енгізіледі. Бұл оларға кейіннен Кореяға қайта кіруге шектеу қоюға негіз болуы мүмкін», — деді Ертаев.

Сонымен қатар, ол заңды түрде жұмыс істейтін қазақстандықтардың заңсыз еңбек етіп жүргендерге қарағанда әлдеқайда жақсы жағдай мен табысқа ие екенін атап өтті.

«Легалды жұмыс істейтін азаматтар еңбек шартымен қорғалады. Бұл шартқа көлікпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер, сақтандыру және басқа да әлеуметтік кепілдіктер кіреді. Сонымен қатар, олардың жалақысы да айтарлықтай жоғары болады. Сондықтан заңды жолмен жұмыс істеу тиімді әрі қауіпсіз», — деді вице-министр.

Айта кету керек, қазақстандықтардың шетелде табыс табуымен айналысатын жалпы саны 126 мың адамға жеткен. Оның ішінде шамамен 11 мың адам Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етуде. Осы мәселені шешу мақсатында Корея тарапынан біздің азаматтарды заңдастыруға қатысты бірнеше талап қойылған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button