Брифинг барысында журналистер вице-министр Айдар Әбілдабековтен Қазақстанда азық-түлік бағасы неліктен басқа елдерге қарағанда қымбат екенін сұрады. Ал шенеунік тұрғындарға азық-түлікті базар сияқты арзан жерлерден сатып алуға кеңес берді, деп жазады qandastar.kz
Әбілдабеков бұл мәселе төңірегінде пікірталас көп екенін айтып, ең алдымен ел ішіндегі баға айырмашылығын түсіндірді.
«Біздің елде Астана мен Алматыдағы бағалар әртүрлі. Базарға барсаңыз, қызанақ, мандарин, апельсин бағаларын көріп шок болуыңыз мүмкін. Ол жақта баға айтарлықтай арзан,» – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, баға айырмашылығының негізгі себептерінің бірі – жеміс-жидек пен көкөністі оңтүстік өңірлерден немесе көрші елдерден жеткізу кезінде қосымша шығындардың болуында. Сонымен қатар сатушылардың менталитеті мен олардың үстемеақысы да бағаға тікелей әсер етеді.
«Мен «Асем» базарына барамын. Қай жерде ет сататынын, қай жерде тауық барын, өндіріс орындарының сауда нүктелері қайда орналасқанын жақсы білемін. Сол жақтан арнайы барып аламын – ол жерде арзан. Ал кім қымбатын алғысы келсе, премиум-супермаркетке бара берсін,» – деп ойын қорытындылады вице-министр.



