
Фото: премьер министр пресс-службасы
Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыру инфляцияға аз ғана әсер етеді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz
«ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың әлеуметтік-экономикалық салдарын алдын ала есептедік. Болжам арнайы инфляцияға қатысты жасалды. ҚҚС өсімінің инфляцияға әсері шамамен 2-2,5% шамасында болады. Бұл аса байқалмайды, себебі көптеген тауар түрлері салықтан босатылған», – деді вице-министр.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, шаруа қожалықтары және ең қажетті азық-түлік тауарларын өндірушілер ҚҚС төлеуден босатылады.
Дегенмен, журналистер салық мөлшерлемесі өскеннен кейін елде экономикалық дағдарыс болуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа жауап берген Амрин ҚҚС-тың мұндай теріс салдарға себеп болмайтынын айтты.
«ҚҚС дағдарыс тудырмайды. Әрине, жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, пандемия секілді күтпеген жағдайлар туындаса, ол басқа мәселе. Сондықтан нақты бір болжам айту дұрыс емес», – деді Азамат Амрин.