Жаңалықтар
Вице-министр: Спорт мектептерінің директорлары әр 5 жыл сайын ауыспақ

Фото: ашық дереккөз
Енді спорт мектептерінің директорлары әр 5 жыл сайын ауыспақ, деп жазды qandastar.kz
Елімізде 521 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Енді бұл мекемелердің директорлары 5 жыл сайын ротация тәртібіне сай ауысатын болады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтты.
«Мекемелердің басшылары еш нәтиже көрсетпей, кейбір аймақтарда 20 жылдан астам бір ұйымды басқарып келген. Әкімдер, спорт басқармасының басшылары ауысады, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Аймақтардың атауын айтпай-ақ қояйын. Бір директор 28 жыл отырған. Ешқандай нәтиже көрсетпеген, сол уақыт ішінде ол жерде даму да болмаған», — деді вице-министр.
Сөзінше, ротациялау тетігіне қатысты Оқу-ағарту министрлігінің тәжірибесі басшылыққа алынған. Енді KPI-ды орындамағандар әрі қарай өз жұмысын жалғастыра алмайды. Оң нәтиже көрсеткендер пролонгация арқылы тағы 5 жыл сол лауазымда қала береді. Ондай болмаған жағдайда басқа мекемеге ауыстырылады немесе жұмыстан босатылмақ.