Жаңалықтар
Вице-премьер Алакөлге қатысты мәселені шешу керектігін айтты

Фото: үкімет
Басымдық берілетін туристік бағыттардың жай-күйін бағамдау мақсатында өңірлерге жұмыс сапарын жалғастырған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысындағы басты туристік бағыттардың бірі саналатын Алакөл көлі жағалауы инфрақұрылымының қазіргі жағдайын көзбен көрді, деп жазды qandastar.kz
Сапар барысында Вице-премьер коммуналдық жағажайда болды, мұнда өзге де аймақтардағы сияқты кешенді тұрғыда шешуді қажет ететін көптеген жүйелі мәселелердің бар екені анықталды.
«Коммуналдық жағажайда демалуға келетін адамдар да жекеменшік демалыс аймақтарындағыдай базалық жайлылықпен, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – әділеттілік қағидасы. Адам қай жерде де таза, тәртіпті әрі ретті ортада демалуы керек», – деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Премьер-министрдің орынбасары аудан әкімі мен жауапты салаларға жағажайдағы санитарлық жабдықтауды күшейту, қосымша қоқыс жәшіктерін сатып алу, судағы белгілер желісін ұзарту және шағын көлемді кемелерге арналған қауіпсіз кіру аймақтарын белгілеу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағалау аумағында кезекшілік атқаратын ТЖ қызметкерлерінің санын арттыру мәселесі қарастырылатын болады. Жағажайдағы жайма сауда мәселесіне де ерекше назар аударылды. Вице-премьер сауда нүктелері ретінде су және электр желісіне қосылған тұрақты дүңгіршектер орнату керектігін және оларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.
«Бұл мәселелер тек Алакөлге ғана емес, елдегі барлық өңірлерге тән. Мұндай түйткілдер еліміздің демалыс аймақтарында жиі туындайды. Біз барлық ұсыныстарды жинақтап, үздік тәжірибелерді саралап, Туризм және спорт министрлігінде жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы кеңес өткізетін боламыз. Туризм – тек бизнес емес, бұл ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасының көрсеткіші», – деді Ермек Көшербаев.