Жаңалықтар

«Яндекс.Такси» мен таксишілердің елді қалай алдайтыны анықталды

Жан-жақтан қысым көрген таксишілер қандай қулыққа басқанын әңгімелеп, алдау схемаларынан сақтандырды,-деп хабарлайды Qandastar.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда такси қызметінің тарифі тағы қымбаттады. 2024 жылдың мамыр айының қорытындысында оның бағасы 11,7% өсті.

Өткен айда бұл сектордағы ең салмақты қымбатшылық Алматы тұрғындарына соққы болды: бірден 31,3%-ға көтерілді. Ақтөбеде де такси бағасы 22,1% ұлғайып, қолжетімсіз бола түсті. Батыс Қазақстан облысында таксимен жету «сән-салтанатқа» айнала бастағандай: тарифі 21,3% жоғарылады.

Такси қызметі қатты қымбаттаған өңірлердің бестігіне сондай-ақ Шымкент (16,9%-ға) және Ақмола облысы (13,5%-ға) кірді. Өзге барлық өңірде баға өскен.

Нәтижесінде, Numbeo порталының дерегінше, бүкіл ТМД елдері ішінде Қазақстан – такси тарифі ең жоғары елге айналды. Салыстырсақ, Арменияда таксимен жүру аса арзан: 1 шақырым жол орта есеппен 0,28 долларға (немесе 130 теңгеге) түседі. Өзбекстанда – 0,29 доллар, Украинада – 0,3 доллар, Беларусьте – 0,31 доллар, Ресейде – 0,34 доллар, Әзербайжанда – 0,59 доллар, Қазақстанда – 0,67 доллар.

Energyprom мониторинг агенттігінің дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде такси елімізде 21,2 миллион жолаушыны тасыған екен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8,6% көп.

Таксимен жолаушы таситын компаниялар биылғы төрт айда 2,8 миллиард теңге табыс тапқан. Салыстырсақ, былтырғы ұқсас кезеңдегі табысы 1,8 млрд теңге ғана болған. Табысы көл-көсір: 53,8%-ға өсіпті. Бұған олар тарифтерін қымбаттату арқылы қол жеткізуі мүмкін.

Айта кететін жайт, «Яндекс.Такси», inDriver сияқты такси агрегаторларының ұрандары бірдей: «жол ақысын жолаушы белгілейді». Бір қарағанда, әділетті: қалтаңызда қанша қаржы болса, немесе жолақысын қалай бағаласаңыз, сонша ғана шығын шығарасыз.

Бірақ шынында олай емес. Мысалы, бас қаланың көшесінде, жол бойында қол бұлғап, жүргізушімен келісіп, бес жүз теңгеге жетіп қалуға да болады. Такси сервисінде де клиент 500 теңге баға белгілей алады. Алайда оған келісетін таксишіні табу мұң. Бір сағат күтсеңіз де, бірде бір таксиші үн қатпауы мүмкін.

«Сол бес жүзге де тасыр едік, бірақ біздің тапқанымыздың үлкен бөлігін «Яндекс.Такси», Индрайвер алып қояды. Мен мысалы, екеуінде қызмет көрсетемін. Жаманы сол, сервис жеке көлігімен жолаушы тасып, табыс тапқысы келетін жеке адамдардың бәрін әлдебір таксопарктерге тіркейді. Талабы сондай. Бірақ мен ол таксопарктің қызметкері емеспін, оның өкілдерімен өмірі кездескен емеспін, соған қарамастан, менің күні бойы зыр жүгіріп тапқан барлық табысымның 4 пайызын таксопарк алып қояды. Олардың артында мықты тірегі барлар, ықпалды тұлғалар тұр дейді, Үкіметтің де тісі батпаған. Содан ол делдалдар таксистерге еш көмек көрсетпей, жолай тегінен тегін комиссиясын қырқып алуда», – деп ашынады таксиші Вадим Баженин (тегі өзгертілді).

Оның айтуынша, жан-жақтан (агрегатордан, таксопарктен және жолаушылардан – сапар үшін нашар баға қоятындар және шағымданатындар көбейген) қысым көрген кейбір таксишілер алаяқтыққа бара бастапты.

Мысалы, «FakeGPS» сияқты арнайы бағдарламалар қояды: ол машинаның координаттарын ауыстырады. Агрегатор көліктің қалталы азаматтар тұратын шағынауданда аялдағанын көріп, тапсырысты да соған ұсынады. Шын мәнінде, бұл кезде таксист басқа көшеде келе жатуы немесе асханада түстеніп отыруы мүмкін.

Немесе жүргізуші клиент шақырған мекенжайға жетпесе де, «күтіп тұрғанын» көрсетеді. Сөйтіп, тегін күту уақыты қысқарады. Жолаушы тез жиналып, машинаға жетіп үлгермейді. Нәтижесінде, таксиші ақылы күту үшін жолаушыдан көбірек ақша алады.

Жолаушылармен ымыраласып, агрегаторды алдайтын таксишілер де табылады екен: клиент түрлі себеппен тапсырысынан бас тартады, бірақ шынында шақырған таксиімен көздеген жеріне жетіп қалады және жолақысын жүргізушіге қолма-қол төлейді.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close