Ардагер ұстаз Мира Барқазатқызы мұғалім мәртебесі мен оқулық сапасы туралы өткір пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz
Мира Барқазатқызының айтуынша, мұғалім мәртебесі туралы заң бар, бірақ оны орындамайтын шенеуніктер жауапкершілікке тартылмай отыр.
«Қарапайым мұғалім заңды құрметтейді, ал кей басшылар еңбек кодексін өз мүддесіне қарай бұрмалап, ұстаздарды қудалайды. Бұл жағдай дереу тоқтатылуы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар, ол мұғалімдердің еңбекақысын нақты сағат жүктемесіне сай төлеу қажеттігін атап өтті: «Мұғалім 16 сағат сабақ берсе, сол көлемге сай ақы алуы тиіс. Артық уақытты талап ететін директорлар қосымша төлем төлеуі керек».
Оқулық мәселесіне де тоқталған педагог еліміздегі оқу әдебиеттері негізінен бірнеше ірі баспаның бақылауында екенін, бұл монополия сапаға емес, пайдаға жұмыс істеп отырғанын сынға алды.
«Оқулық жазуға уақыт аз беріледі, ал авторлар көбіне “құрастырушы” рөлінде ғана қалып отыр. Бұл білім сапасына кері әсер етеді», – деді ол.
Ардагер ұстаздың пікірінше, оқулық сапасын арттыру үшін авторларға шығармашылық еркіндік пен лайықты жағдай жасау қажет.
«Жақсы оқулық жасау – үлкен еңбек. Оған арнайы уақыт пен ақы төленетін демалыс берілуі тиіс», – деді ол.



