
Фото: Астана телеарнасы
Қазақстанның Бас прокуратурасы отандық футбол саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты тексеріс жүргізіп, бірқатар маңызды деректерді жариялады, дғп хабарлайды qandastar.kz.
Ведомство мәліметінше, футбол федерациясы мен кейбір клубтардың қызметінде заң талаптарына қайшы әрекеттер тіркелген. Атап айтқанда, кейбір ойыншылар мен жаттықтырушылардың келісілген матчтарға қатысып, букмекерлік кеңселер арқылы бәс тіккені анықталған.
Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, Ақтөбе қаласында тоғыз футболшының жалпы сомасы 110 миллион теңге көлемінде бәс тіккені белгілі болған. Бұл еңбек шартының талаптарына тікелей қайшы келеді.
Анықталған заң бұзушылықтардан кейін прокуратура футбол федерациясына заңдылықты қалпына келтіру жөнінде ұсыным берген. Нәтижесінде ұйым қаржылық және тәртіптік бақылауды күшейтуге арналған “Жол картасын” қабылдаған.
Құжат аясында аудит, қаржы және әдеп жөніндегі комитеттер құру, сондай-ақ қаржылық тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған 30-дан астам іс-шара енгізілген.
Тексеру қорытындысынан кейін федерацияда бірқатар кадрлық өзгерістер жасалды: әкімшілік басшысы, басқарушы директор және бірнеше департамент жетекшілері қызметінен босатылған.
Қазіргі таңда федерация заң бұзушылықтарды жою, ұйымдық құрылымды жаңарту және футболдағы адалдық қағидаттарын күшейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.