Заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында студенттердің гранты мен шәкіртақысын жымқырды деп күдікке ілінген Эльмира Дүйсенқызына қатысты өткір пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Айгүл Орынбектің айтуынша, Эльмира Дүйсенқызы қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін психикалық ауруы бар деген анықтама алуға әрекет жасап жүрген көрінеді.
«Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін “псих” деген анықтама алуға тырысып жатыр екен. Студенттердің гранты мен шәкіртақысын жеп келген Эльмира Дүйсенқызы қазір сол қағазды алу үшін барын салып жүр», – деп жазды заңгер.
Оның сөзінше, Қазақстанда мұндай анықтаманы сатып алу қиын емес, тіпті кейбір психиатриялық мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өздері бұл істі “реттеп” беруге дайын тұрады.
Айгүл Орынбек Эльмира Дүйсенқызының бұған дейін де бірнеше рет алаяқтық әрекетке барғанын айтып, бұл жолы жазаның ауыр болатынын сезген соң осындай қитұрқы қадамға барған болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Балалардың ақшасын аямай жеп жүргенде сау, ал жауапқа тартылар кезде “жынды” ма?!», – деп жазды ол.
Заңгердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, қоғамда әділ жаза мен заң алдындағы жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.



