Заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы күндері кең тараған денсаулық сақтау министрінің әуеде адам құтқару оқиғасына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп жазады qandastar.kz. Оның айтуынша, министрдің бір реттік әрекетін дәріптегенше, медицина саласындағы шынайы әрі жүйелі проблемаларды көтеру қажет.
«Бүкіл БАҚ министрдің әуеде бір адамды құтқарғанын емес, Жамбылда босанғалы тұрған әйелден 20 мың теңге сұраған дәрігерлерді жазу керек! Иә, сол 20 мың теңгені сұраған дәрігерлерді кінәламаймын – айлықтары жетпеген соң сұрайды», – деді заңгер.
Оның пікірінше, министрді «қарапайым» немесе «керемет» адам ретінде насихаттау – қоғамға әсер етпейтін бос пиар.
«Министрді қарапайым, «керемет» адам деп пиарлап, оны кімге өткізе алмай жүрсіңдер? Министрге бағаны – халық береді» – дейді ол.
Заңгер дәрігерлердің қағазбастылығы, ақысыз қызмет көрсетуде бейберекет жүйе, ақша төлеген адамды бірден қабылдау практикасы, қарапайым науқастардың назарсыз қалуы секілді денсаулық сақтау саласындағы нақты мәселелерді де ашық атап өтті.
Айгүл Орынбек жүйелі өзгеріссіз жағдай жақсармайтынын айтты.
«Денсаулық сақтау саласына «әдемі, жайдары министр» емес – реформа керек! Ең алдымен қарапайым медбикелердің, санитарлардың, учаскелік дәрігерлердің айлығын көтеру керек! Ауруханаға барған адамнан ақша емес, науқас деп қарап, адам деп қабылдау керек», – деді ол.
Сөзінің соңында ол қоғамды ашық пікір білдіруге шақырды.
«Егер менің сөздерімнің бірі жалған болса – міне, халық отыр! Сұраңдар елден: денсаулық саласында не ақсап тұр? Ел айқайлап тұрып айтады, нақты фактілерімен жазып береді», – деді заңгер.



