Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін медициналық қызметтерге пайдалану жүйесінде кезекті күмәнді серпіліс тіркелді, деп жазады qandastar.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы айларда ем-дом бағыттары бойынша өтініштердің құрылымы күрт өзгеріп, пластикалық хирургия мен офтальмологиялық операцияларға бөлінетін төлем көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл тенденция саладағы бақылау тетіктерінің әлсіздігін және күмәнді схемалардың әлі де тыйылмағанын көрсетіп отыр.
Бірінші несие бюросы ұсынған 8 желтоқсандағы дерекке қарағанда, 2025 жылдың қарашасында азаматтар реконструктивті және қалпына келтіру операцияларына, соның ішінде пластикалық хирургияға төлем жасау үшін 2,1 млрд теңгеден асатын 2 277 өтініш жолдаған. Бұл – жүйе іске қосылғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде алғанда, бір ай бұрын орындалған өтініштер саны 33 есеге аз болған, ал төлем көлемі 40 есеге жуық төмен еді. Бұған дейін пластикалық операциялар жалпы өтініштер құрылымында мардымсыз үлеске ие болатын. Мәселен, 1 қарашаға дейінгі бүкіл кезеңдегі өтініштер саны 1 631 болып, олардың жиынтық сомасы 1,6 млрд теңгеден аспаған еді. Осылайша, бір ғана қараша айының көрсеткіші алдыңғы бірнеше айдың жиынтығынан асып түсті.
Зейнетақы төлемдерінің медициналық мақсаттағы пайдалану бағыты қыркүйек айынан бері күрт өзгерген. Сол кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жалған құжаттар мен күмәнді схемаларға байланысты тіс емдеуге өтініш қабылдауды тоқтатты. Алайда, тыйым салынғаннан кейін сұраныс бағыт ауыстырып, қыркүйек-қазан айларында офтальмологияға өтініш күрт артты. Бұл салада да күмәнді жағдайлар тіркелген соң, министрлік желтоқсанның басында «көз» операцияларына төлем қабылдауды да уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
Соған қарамастан, қараша айында офтальмология бойынша 9,8 мың өтініш мақұлданып, жалпы сомасы 8,4 млрд теңгеге жетті.
Сарапшылардың айтуынша, күрт өсуі шектеу енгізілмей тұрып өтініш беріп қалуға деген асығыстық және жалған құжаттарды пайдалану арқылы зейнетақы қаражатын айналымға түсіру әрекеттеріне байланысты болуы мүмкін.



