Жаңалықтар

Зейнетақы жүйесінде жаңа кезең: 2026 жылдан бастап активтерді басқару қағидалары өзгереді

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы активтерін басқарудың жаңа қағидаларын енгізеді, деп хабарлайды qandastar.kz

Жаңа жүйе бойынша басқарушы компаниялардың тиімділігі енді құрамдас индекстерге (бенчмарктерге) сүйене отырып бағаланбақ. Бұл индекстер Қазақстан мен әлемдік қор нарықтарының көрсеткіштерін қамтып, зейнетақы активтерінің табыстылығын халықаралық экономикалық үрдістер тұрғысынан әділ саралауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, басқарушы компаниялар салымшыларға тәуекел деңгейі мен табыстылығы әртүрлі инвестициялық стратегияларды ұсынуға құқылы болады. Инвестициялау бағыттары кеңейтіліп, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі мен лимиттері жаңартылды.

Тағы бір маңызды жаңалық — ерікті активтерді Ұлттық банктің басқаруына қайтару тетігінің енгізілуі. Бұл шара басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттырып, нарықтағы ашықтықты күшейтеді.

Реттеуші органның мәліметінше, жаңа тәсілдер зейнетақы активтерінің ұзақмерзімді табыстылығын өсіріп, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға және салымшыларға жинақтарын әртараптандырудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған.

Қаулының толық нұсқасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button