Жаңалықтар

Зеленский: Путинмен Қазақстанда кездесуге дайынмын

Фото: Зе!Президент

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен бейтарап елде, соның ішінде Қазақстанда кездесу өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды  qandastar.kz Fox News арнасына сілтеме жасап.

Зеленскийдің айтуынша, келіссөз өткізу үшін Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Австрия және Швейцария сынды елдер де қарастырылған. Бірақ ол қажет болса, Қазақстанды да ықтимал кездесу орны ретінде қарастыруға болатынын атап өтті.

«Путиннің таңдауы бар. Түркия, Катар, Еуропа елдері немесе Қазақстан сияқты бейтарап елде кездесуге дайынбыз», – деді Зеленский.

Сондай-ақ, Украина президенті Ресей президентімен дәл қазір келіссөз жүргізуге әзір екенін айтып, Мәскеуге бармайтынын нақты жеткізді.

«Мен оны Киевке шақырған жоқпын. Егер сіз кездескіңіз келмесе, мені Мәскеуге шақырасыз. Бұл — кездесуді кейінге қалдыру үшін жасалатын әрекет», – деді ол.

Бұған дейін Путин 3 қыркүйекте Қытай сапарынан кейін Зеленскиймен Мәскеуде келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Алайда Зеленский елінің соғыс жағдайында екенін алға тартып, Ресей астанасына баруға болмайтынын айтты.

«Украина күн сайын зымыран шабуылына ұшырап жатқан кезде мен Мәскеуге бара алмаймын. Путин мұны жақсы түсінеді», – деді Зеленский.

Back to top button