
«Қазақмыс» тобы Жезқазған және Балқаш байыту фабрикаларындағы ұсақтау жабдықтарын бақылаудың заманауи цифрлық жүйесін енгізіп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жаңа технология өндірістегі жабдықтардың жұмысын тәулік бойы бақылап, ақауларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Компанияның мәліметінше, жоба өндірісті технологиялық жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Оның негізгі мақсаты – жабдықтардың сенімділігін арттыру, күтпеген тоқтап қалу жағдайларын азайту және техникалық қызмет көрсетуді тиімді ұйымдастыру.
Қазіргі уақытта Жезқазған байыту фабрикасында жаңғырту толық аяқталған. Енді ұсақтау бөлімдеріндегі барлық негізгі жабдықтардың жұмысы бірыңғай диспетчерлік жүйе арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады.
Ал Балқаш байыту фабрикасында жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мұнда басқару шкафтары дайындалып, кейін қозғалтқыштардың температурасы, дірілі және жүктемесін бақылайтын арнайы датчиктер орнатылады. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, цифрлық мониторинг жүйесі жабдықтағы ауытқуларды алдын ала анықтап, ірі ақаулардың алдын алуға көмектеседі. Бұл апаттық жөндеу жұмыстарын қысқартып қана қоймай, техниканың қызмет ету мерзімін де ұзартады.
Осылайша, «Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру үшін автоматтандыру және цифрландыру технологияларын кеңінен енгізуді жалғастырып отыр.



