Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Жағдай – бақылауда»: Жамбыл облысында зауытта жұмысшылар күйік алды

Тараз қаласындағы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» төтенше оқиға болып, жұмысшылар зардап шекті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға 29 қаңтарда сағат 12:20-да №5 цехта болған.

«Сары фосфор өндіру барысында қожды ағызу бойынша жоспарлы жұмыстарды орындау кезінде №5 пештің +7,8 м деңгейінде қож ағызу науасынан қождың тасып кетуі орын алған. Оқиға салдарынан бірнеше қызметкер әртүрлі дәрежедегі термиялық күйік алды», — дейді зауыттың баспасөз қызметі.

Оқиға орнына жедел түрде медициналық бригада шақырылды.

Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін әрі қарай ем алу үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізілді.

Компания тарапынан зардап шеккен қызметкерлерге емделуге және қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға байланысты шұғыл шығындарды өтеу үшін бірден алғашқы материалдық көмек көрсетілді.

«Сонымен қатар, компания қызметкерлердің денсаулығын қалпына келтіру барысында медициналық қорытындылар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес анықталатын барлық кейінгі шығындар толық көлемде өтелетінін растайды», — делінген мәлімдемеде.

Компания басшылығы персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Қауіпті аймақ уақытша қоршалып, персоналдың қолжетімділігі шектелді.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.

Аталған жағдай компания басшылығының ерекше бақылауында.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button