Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Жағдайы – өте ауыр»: СҚО-да оқушы қыз мектеп дәретханасында сірке суын ішіп қойған

Солтүстік Қазақстан облысында мектеп қабырғасында болған төтенше жағдай қоғам назарын аударды.

Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылындағы орта мектепте 10-сыныпта оқитын қыз сірке суын ішіп қойған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға сабақ кезінде болған. Оқушы мұғалімнен сыртқа шығуға рұқсат сұрап, ұзақ уақыт бойы оралмаған. Біраз уақыттан соң мектеп қызметкерлері оны дәретханада ес-түссіз күйде тауып алған.

Жасөспірім дереу медициналық мекемеге жеткізілген.

Анасының айтуынша, қызы бұрын-соңды мінез-құлқымен алаңдатпаған, сабырлы әрі жауапкершілігі жоғары бала болған.

Ол қыздың бұл әрекетке баруына не себеп болғанын түсіндіре алмайтынын айтады. Соңғы кездері баласының көңіл күйінен немесе мінезінен күмән тудыратындай өзгеріс байқамағанын жеткізді.

Гусаковка орта мектебінің әкімшілігі де оқушының тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы болғанын растады. Мектеп директоры Елена Матушконың айтуынша, жасөспірім үлгілі оқушылардың қатарында болған. Алайда тергеу жұмыстарына байланысты қосымша ақпарат берілмеді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың хәлі аса ауыр екенін хабарлады.

«2009 жылы туған жасөспірім химиялық заттан күйік алып, алдымен Айыртау аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейін санитарлық авиация арқылы Петропавл қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр, дәрігерлер тарапынан барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — делінген ресми хабарламада.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button