Алматыда №10 қалалық емхананың бұрынғы директоры Гүлнара Қалибекова мен «АкваЛаб» компаниясының өңірлік директоры Меруерт Баймұхамбетоваға қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы журналист Михаил Козачковтың Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, Гүлнара Қалибекова мемлекеттік емхананың басшысы болып тағайындалғаннан кейін, 2025 жылдың басында медициналық зертханалық қызмет көрсету жөнінде екі жеке компаниямен — «АкваЛаб» және «OpenHealthcare Kazakhstan» келісімшарт жасаған. Олар «DamuMed» электронды жүйесіне жүргізілген талдаулардың нәтижелерін енгізіп, мемлекеттік тапсырыс аясында төлем алуы тиіс еді.
Алайда жүйеге енгізілген мәліметтердің бір бөлігі шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Себебі кейбір талдаулар іс жүзінде орындалмаған немесе медициналық тұрғыда қажет болмаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, Қалибекова зертхана өкілдеріне «артық» талдауларға көз жұма қарау үшін мемлекеттік тапсырыс сомасының 15 пайызын пара ретінде беруді ұсынған. Осылайша, директор екі компаниядан да қомақты мөлшерде ақша алғаны айтылды. Бірақ пара алу кезінде ол қолға түскен.
Сотта Гүлнара Қалибекова мен Меруерт Баймұхамбетова кінәсін толық мойындап, айыппұл түріндегі жаза сұраған. Сот олардың өтінішін қанағаттандырып, үкім шығарды: бұрынғы емхана директоры 65 миллион теңгеден астам, «АкваЛаб» өңірлік директоры шамамен 24 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.



