Жаңалықтар
«Жалғыз ұлымды әскерге аттандырып, үйіме мәйіті келді» – Қорғаныс министріне үндеу
Фото: ашық дереккөз
Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында байқаусызда оқ тиіп, көз жұмған сарбаздың әкесі баласының абайсызда өлім құшқанына сенбейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКЕ ҮНДЕУІ
Маңғыстау облысында ұлының өліміне қатысты болған қайғылы жағдайдан соң сарбаздың әкесі әлеуметтік желіге видео үндеу жолдады.
МИНИСТРГЕ ТАЛАП
Ол Еліміздің Қорғаныс министріне бұл жағдайды өз бақылауына алып, тергеудің әділ жүруін қамтамасыз етуін сұрады.
“Баламның бетіне тигін тапаншадан шыққан оқты байқаусызда атылған деген қорытынды берілген. Мұны оқыс жағдай деп отыр. Офицер тапаншаны ермек қылып ойнаған. Сөйтіп ол шүріппені абайсызда басып алған. Тапанша атылу үшін алдымен, оны оқтау керек, сосын сақтандырғыштан шығарылуы керек емес пе? Ол қалай бірден атылып кетеді”, деген сарбаздың әкесі бұл іске қатысы барлар мәселені осылай жаба салғысы келіп отырғанына ашулы.
“Қазір Ақтау қаласындағы тергеу шараларына жол жүріп бара жатырмыз. Мен істің мән-жайын бүге-шігесіне дейін анықтап қарағанын талап етемін”, деген ол баласының денесін көруге мәйітханаға бара жатқанын жеткізді.
ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Еске сала кетсек, бүгін Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында бір сарбазға байқаусызда оқ тиіп, көз жұмғанын хабарлағанбыз. Қайғылы оқиға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген.
Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оның өмірін арашалау мүмкін болмаған. 17:40 шамасында ер адам көз жұмды.