Рысқұлов ауданы аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
13 ақпанға қараған түні 40 жастағы ер адам достарымен бірге Рысқұлов ауданы Аққұдық құмды аймағындағы қыстаққа барған.
Автокөлігі бұзылғаннан кейін белгісіз бағытта кетіп қалып, қайта оралмаған.
Құтқарушыларға жоғалғаны туралы хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілді.
Рысқұлов ауданы аумағында жоғалған азаматты іздестіру жұмыстары 4 күн бойы жүргізілді.
Іздестіру жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Сонымен қатар ТЖД арнайы техникасы, кинологиялық есептоптар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды.
Аумақты тексеру барысында жер бедері кезең-кезеңімен қаралып, кең көлемді барлау жүргізілді.
Бүгін таңертең ашық аумақта жергілікті тұрғындар жоғалған азаматтың мәйітін тапты.
Оқиғаның мән-жайын тиісті қызметтер анықтауда.



