Жаңалықтар

Жамбыл облысында ұлын оқтаумен ұрған әйел 6 айға сотталды

Жамбыл облысында өгей ұлын оқтаумен ұрған әйелге үкім шықты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өңірлік соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Әйелдің бір миллион теңгесі жоғалып кеткен. Ол қаражатты бала ұрлап алды деп күдіктеніп, ақшаны қайтаруды талап еткен. Алайда бала ақшаны алмағанын айтады. Артынша әйел жасөспірімді ағаш оқтаумен соққыға жыққан.

«Келесі күні колледж оқытушылары баланың жағдайын көріп, оны ауруханаға апарған. Сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған», – делінген хабарламада.

Сот отырысы барысында әйел кінәсін толық мойындады. Өгей ұлы оны кешіріп, шағымы жоғын айтты және сотталушыны жазадан босатуды сұрады. Алайда ол енді онымен бірге тұрғысы келмейтінін жеткізді.

«Сот кінәні толық мойындауын, кәмелетке толмаған баласының бар екенін жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот әйелді кәмелетке толмағанға қасақана жеңіл жарақат келтіргені үшін кінәлі деп танып, 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады», – деп хабарлады соттан.

Бұдан бөлек, әйелдің мінез-құлқына қатысты арнайы талаптар қойылды. Оған жәбірленушіні іздеуге, қудалауға, үйіне баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, басқа да жолдармен байланыс орнатуға үш айға тыйым салынды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close