
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке сұрақ қоюға келген 67 журналистің басым бөлігіне сөз берілмеген, деп жазады qandastar.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Брифинг басында сөз мемлекеттік телеарналар мен ақпараттық агенттіктерге берілді. Алайда әлеуметтік желілер мен YouTube-те жарияланған видеоларда әкімге қойылған көптеген сұрақтардың алдын ала келісілгені байқалады. Кадрларда Ербол Қарашөкеевтің сұрақтардың барлығына дерлік дайын мәтіннен жауап оқып бергені, журналистермен еркін диалогқа түспегені көрінеді.
Екі сағаттан астам уақыт өткен соң модератор брифингтің аяқталғанын хабарлады.
«Сіздерге кезек жетпеді, уақыт бойынша үлгермедік», — деп түсіндірді модератор.
Журналистердің айтуынша, мұндай жағдай брифингте жиі қайталанады. Модераторлар өздері тақырыптан тыс деп есептеген сұрақтарды жиі тоқтатып, сөз бермей жатады.



