Жангелдин ауылында ерлі-зайыптылардың қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша негізгі күдікті ретінде олардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев қарастырылып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Аtyrauoil.official парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу барысында күдіктінің анасы жауапқа тартылған. Алайда оның берген мәліметтері Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайының қазіргі қайда екенін анықтауға көмектеспегені хабарланды.
Тергеу назарындағы маңызды жайттардың бірі — марқұмдардың үлкен қызы Ақбаянның жоғалып кетуі. Ол — Сұлтанның жұбайы әрі бес баланың анасы. Қазіргі уақытта оның қайда екені белгісіз.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отбасы тұйық өмір салтын ұстанған. Олар айналасындағылармен сирек араласып, көпшілік ортада мүлде дерлік көрінбеген. Көпбалалы ана бола тұра Ақбаян да сыртқы ортамен байланысын шектеп, тіпті жақын туыстарымен де өте сирек кездескені айтылады. Оның тұрақты достары немесе әлеуметтік ортасы болмаған.
Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың ресми жұмыс орны болмағаны белгілі болды. Отбасының оқшау өмір сүргені туралы ақпарат болғанына қарамастан, оларға қатысты қандай да бір алдын алу немесе әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілмеген.
Әлеуметтік желілер мен жекелеген дереккөздерде күдіктінің Бали аралында болуы мүмкін деген ақпарат тарауда. Бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталмаған, алайда құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің нақты процессуалдық мәртебесі мен істің өзге де мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.



