Жаңалықтар

Жамбылдағы жол апатынан қаза тапқан полицейдің бірі – 11 баланың әкесі

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысындағы 6 адамның өмірін қиған жол-көлік апатынан қаза тапқан полицейдің бірі «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы, 11 баланың әкесі 46 жастағы Ғалым Арыстанбаев екені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

8 БАЛА АСЫРАП АЛҒАН

Жамбыл облысы, Меркі ауданының тұрғыны болған Ғалым Арыстанбаев жамбылдықтарға жақсы таныс. Оның отбасы өздерінің 3 баласынан бөлек, тағы 8 баланы балалар үйінен асырап алып, кейін “100 жаңа есім” жобасына қатысқан. Көпшілік дауыспен жобаның екінші кезеңінің жеңімпазы атанды.

Марқұм Ғ.Арыстанбаев жұбайы Әлиямен бірге отбасы үлгісіндегі балалар үйін жасаған.

“МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ”

Сондай-ақ Арыстанбаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының да финалисі болған.

«Арыстанбаевтар отбасы көпұлтты. Олардың әзербайжан, қытай, өзбек ұлтынан үш қызы бар. Балалары орыс және сыған. Олардың барлығы түрлі ұлт өкілдері болғанымен барлығы да қазақ тілінде сөйлейді. Балалар өте жақсы әрі мейірімді, оларды ата-аналары үлгілі азамат болуға тәрбиелеуде. Олардың барлығы да Қазақстанның белді азаматтары болады деген үміттеміз», дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

ЕҢБЕК ӨТІЛІ

Жамбыл облыстық ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев 2006 жылдан бері ішкі органдарында еңбек етіп келген.

Еске сала кетсек, бүгін түнде, яғни 17 тамызда сағат 01:00 шамасында «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 3 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгенін хабарлағанбыз.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close