Жамбылдық жедел жәрдем фельдшерлері жаңа туған сәбиді өмірге қайтарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жамбыл облыстық орталық жедел жәрдем станциясының №2 бригада фельдшерлері Мәди Жаналиев және Бейбарыс Таласбайұлы кезекті жұмыс уақытында болған.
Жұмыс барысында оларға шақырту түскен.
20 жастағы келіншек жүктіліктің 23-24 аптасында ішінің қатты ауырғанына шағымданған.
«Қарап тексергенде жүкті әйелдің есі анық, қан қысымы қалыпты, ішінің төмен тартып толғақ тәріздес қатты ауырсынуына шағымданды. Жүкті әйелге алгоритм бойынша толық алғашқы көмек жасалып, «Жүктіліктің 23-24 аптасы, мерзімінен бұрын босану» диагнозы қойылып жылдамдатылып ауруханаға тасымалдауға алынды. Тасымалдау барысында жолда кенеттен жүкті әйелде босану процессі басталып, бригада жедел жәрдем автокөлігін тоқтатып, жүкті әйелді босандырады», — делінген мәлімдемеде.
Келіншек жолда босанғаннан кейін ауруханаға жеткізілген.
Тасымалдау барысында және облыстық перинатальдық орталықтың қабылдау бөлімінде жаңа туған сәбиде клиникалық өлім тіркеліп, жедел жүрек-өкпе реанимациясы жасалды.
Осылайша жаңа туған сәбидің тыныс алуы және жүрек кағысы қалпына келіп, анасы мен жаңа туған сәби облыстық перинатальдық орталық дәрігерлеріне тапсырылды.



