Жамбыл облысының тұрғыны 2025 жылы банктік қосымшадағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін қарап отырып, күтпеген дерекке тап болды. Құжаттар бойынша ол 34 жыл бұрын некеге тұрған болып шыққан. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы ZTB news Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сотта анықталғандай, «неке» 1991 жылмен белгіленген. Ол кезде ер адам бірнеше ай ғана кездескен қызымен әлдеқашан айырылысып кеткен. Оның айтуынша, олар АХАТ бөліміне бармаған, ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке туралы куәлікті ешқашан алмаған.
Іс барысында қосымша жайттар белгілі болды. Аталған әйел 1994 жылы басқа азаматқа ресми түрде тұрмысқа шыққан, ал ер адамның өзі 2021 жылы үйленген. Алайда деректер базасында 1991 жылғы «жалған неке» тіркеліп қалғандықтан, жазбаны жою үшін сотқа жүгінуге тура келген.
Сот неке актісіндегі қолтаңбалардың ер адамға да, әйелге де тиесілі емес екенін анықтады. Оларды белгісіз үшінші тұлға қойған. Сонымен қатар сол жылдардағы тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылғаны белгілі болды.
Талапкердің көршісі әрі досы сотта куәлік беріп, аталған адамдардың некені тіркеуге бармағанын және ешқандай құжатқа қол қоймағанын растады.
Нәтижесінде сот 1991 жылғы неке туралы жазбаны жарамсыз деп таныды.



