Фото: Нұрболат Нұржаубай
Енді басқа адамның картасына 500 мың теңгеден астам қаражат жіберу кезінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсету қажет. Бұл шара көлеңкелі қаржы айналымының алдын алып, банк жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған, qandastar.kz.
Қазақстанда ірі көлемдегі ақша аударымдарына қатысты жаңа талаптар енгізілмек. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жаңа ережеге сәйкес, егер азамат басқа адамның банк картасына 500 мың теңгеден жоғары сома жіберсе, енді міндетті түрде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетуі қажет болады. Бұған дейін мұндай операциялар кезінде тек алушының деректері жеткілікті болатын.
Сонымен қатар, ақша аударымдарын мобильді қосымша немесе SMS-хабарлама арқылы растау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Бұл шаралар көлеңкелі айналымда банк жүйесін пайдалануға жол бермейді және қаржылық операциялардағы тәуекелдерді азайтады», – деді Қайрат Бижанов.
Агенттік өкілінің айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардың бейнебақылау жазбаларын кемінде 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күмәнді қаржылық операцияларға қатысы бар тұлғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу де жоспарлануда. Бұл технология клиентті бет-әлпет немесе саусақ ізі арқылы анықтауға мүмкіндік береді.
«Аталған шаралар анонимді аударымдарға тосқауыл қойып, банк жүйесінің ашықтығы мен қауіпсіздігін күшейтеді», – деді агенттік төрағасының орынбасары.