
Фото: Нұрболат Нұржаубай
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Реформа негізінде салық жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырамақ. Ал салық мөлшерлемелері, есептілікті ұсыну тәртібі өзгеріп, салықтық әкімшілендіру жүйесі қайта қаралады, деп хабарлайды qandastar.kz.
Құжат салықтық есептілік көлемін үштен бірге қысқартуды және бірқатар алымдар мен баждарды жоюды қарастырады. Сондай-ақ, корпоративтік табыс салығы, қосымша құн салығын және жеке табыс салығының мөлшерлемесіне де ерекше басымдық берілді.
Бәріңізге белгілі жаңа Кодекске биыл 18 шілдеде қол қойылды. Сондықтан жаңа құжат ауқымды салық реформасын алып келеді деп күтілуде. Яғни қазақстандық бизнес алдағы жылдан бастап мүлдем басқа қырынан жұмысын жүргізбек. Өзгерістер салық заңнамасының әртүрлі аспектілерін қамти отырып, салықтық есептілікті 30 пайызға қысқарту, кейбір салықтар мен алымдарды 20 пайызға жойып, салық мөлшерлемесін түзеп, керісінше салықтық әкімшелендіруге жаңалықтар енгізбек.
Негізгі өзгерістер корпоративтік табыс салығына қатысты. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда кейбір салаларға өзгерістер енгізілген. Банктік секторы мен ойын бизнесі үшін мөлшерлеме 25 пайызға дейін, ал лизингпен айналысатын компаниялар үшін 10 пайыз болады. Білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салалары үшін жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізіледі: Ол 5 және 10 пайыз аралығында болады. Сондай-ақ, қосылған құн салығы да өзгереді. Келесі жылдан бастап оның мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды.
Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленеді. Медицина саласы үшін айналымға және импортқа келер жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген салық салынады. Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізілді. Жылдық табысы 35 миллион теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыз, одан жоғары табыс иелері 15 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Ал, айына 140 мың теңгеге дейін табыс табатын азаматтар табыс салығынан босатылады. Дивидендтер мен кәсіпкерлер табысына да осындай сараланған ставкалар қолданылмақ.
Сонымен қатар, әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 6 пайыз көлемінде белгіленді. Алкоголь өнімдері мен темекіге салынатын акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да акциз салығы енгізілетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, мүлік пен жер салығы бойынша төлемдер есебі қысқартылды, салық тек жыл қорытындысы бойынша төленетін болады.
Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық көлемі қырық есеге ұлғайтылады. Бұл қадам жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жаңа кодекстің тағы бір маңызды тұсы – цифрландыру. Салық органдары сервистік модельге көшіп, кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету сапасын арттырады. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды. Бұл бизнес пен азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі ұлттық экономиканы дамытуға, әділ салық салу жүйесін қалыптастыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді құжат ретінде қабылданды
Кәсіпкерлер мұндай шаралар шағын бизнесін жүргізуге кері әсерін тигізеді деп қауіптеніп отыр.
Ал мамандар енгізілген жаңалықтар салық жүйесін оңтайландыруға ыңғайлы деп сендіруде. Керісінше әлеуметтік салаға қолдау көрсетуге және экономиканың ашықтығына бағытталған деп отыр. Алдағы уақытта әрбір азамат пен кәсіпкердің салықтық міндеттемелері келесі жылдан бастап қалай өзгеретінін түсіндіру үшін барынша ақпараттық жұмыстар жасалмақ.


