ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Жаңа салық кодексінің қабылдануына байланысты жаңа сервис әзірленеді

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі бекітілді.  Үкімет қаулысына сәйкес, жаңа тізбеге 40 түрлі қызмет бағыты енгізілген, деп жазды qandastar.kz

Құжатта «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің қоса беріліп отырған тізбесі бекітілсін» деп көрсетілген.

Тізімге мал шаруашылығына қатысты қызметтерден бастап, әрлеу-сырлау, ағаш ұсталығы, еден төсеу, фотоқызметтер, аударма, ветеринария, әртүрлі тұрмыстық техниканы жөндеу, такси тасымалы, дайын тағам жеткізу, тұрғын үйді жалға беру, сұлулық салондары қызметі сияқты кең ауқымды бағыттар кіреді. Сонымен қатар, мәдениет, спорт және өзге де білім беру қызметтері, интернет-платформалар арқылы ұсынылатын коммерциялық сервистер де осы санатқа енгізілген.

Аталған қаулы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жаңа Салық кодексі қарапайым декларация негізіндегі режимді тыйым салынған қызметтен бөлек барлық бизнес субъектілеріне қолжетімді етеді.

Келесі жылы жеңілдетілген режимді қолдануды жалғастыруға ниетті азаматтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызға дейін салық органдарына тиісті хабарлама жіберуге міндетті. Егер көрсетілген мерзімде өтініш тапсырылмаса, олар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауыстырылады.

Сонымен бірге салық төлеушілер үшін мұндай хабарламаларды жылдам жолдауға мүмкіндік беретін жаңа сервис әзірленіп жатыр. Құжатты банк қосымшалары арқылы бір батырма арқылы жіберу мүмкіндігі қарастырылып, жүйе бойынша жұмыс жүргізілуде.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button