
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Қазақстанда жаңа тұрғын үй нарығындағы ахуалға терең талдау жүргізіліп жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы тұрғын үй секторындағы бәсекелестік деңгейін зерттеуде, деп хабарлады qandastar.kz.
Агенттік төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, бұл зерттеу жыл соңына дейін аяқталып, қорытындысы жария түрде ұсынылады.
«Қазір бастапқы тұрғын үй нарығына қатысты кешенді талдау жүріп жатыр. Бұған дейін біз ипотекалық несие нарығын зерттеп, «Отбасы банкінің» монополиялық белгілерін анықтадық. Ал енді бастапқы тұрғын үй нарығында бағаның не себепті өсіп отырғанына нақты жауап іздеудеміз. Бұл ретте құрылыс материалдарының қымбаттауы мен импортқа тәуелділік те маңызды факторлардың бірі», – деді Марат Омаров XI Еуразиялық монополияға қарсы форум кулуарында өткен сұхбатында.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, зерттеу барысында баға қалыптастыру тетіктері, девелоперлер арасындағы бәсеке деңгейі, сондай-ақ импортқа тәуелді құрылыс материалдарының әсері жан-жақты қарастырылмақ.
Жаз айында БАҚ-та бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары басталғаны туралы хабарланған болатын. Енді оның қорытындылары жыл соңына дейін жарияланып, тұрғын үй нарығындағы нақты жағдайды ашып көрсетуі тиіс.