Жаңалықтар

Жаңа тәртіп: енді жүк көліктері мен автобустарға талап күшейді

2025 жылғы 10 қарашада елімізде жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. ҚР Ішкі істер министрлігі бұл өзгерістердің 23 қарашадан бастап күшіне енетінін еске салды, деп хабарлайды qandastar.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Жаңа талаптар бойынша:

Елдімекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырыммен шектелді.
Бұл шектеу жылдамдық арнайы жол белгілері арқылы 80-90 км/сағ деп көрсетілген учаскелерге қолданылмайды. Шектеудің мақсаты – жаяу жүргіншілердің жарақат алу немесе қаза болу қаупін азайту. БҰҰ ДДСҰ дерегіне сүйенсек, жылдамдық 60-65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары.

Көріну нашарлаған жағдайда (боран, тұман, жаңбыр, қар) жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін колоннада жүру тәртібіне қатысты полиция қызметкерлері мен жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Патрульдік көліктер ілесіп жүретін автоколонналарға қатысты талаптар да жаңартылды.

Мысалы:

  • колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға немесе өздігінен тоқтауға тыйым салынады;

  • колоннадағы көлік саны 10-нан асса, міндетті түрде екі патрульдік көлікпен ілесіп жүру керек;

  • М2 және М3 санатындағы барлық автобустарға жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді.

Сондай-ақ:

  • Ірі көлемді және қауіпті жүктерді, велосипедшілер топтарын және балаларды тасымалдайтын автобустарды ілесіп алып жүру кезінде жылдам алынатын магнитті бекітпесі бар қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктарды рұқсатсыз қолдануға болады. Бұған дейін мұндай маяктар үшін арнайы рұқсат алу, қайта жабдықтау және техникалық паспортқа белгі енгізу қажет еді.
  • Жол парағын электронды түрде қолдануға рұқсат берілді. Визуалды ақпаратты жақсарту мақсатында барлық суреттер, жол белгілері мен таңбалар цифрландырылды.

Осы орайда, полиция қазақстандықтарға үндеу жолдады:

«Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Жаңартылған талаптарды үнемі қарап, жол ережелерін сақтауды сұраймыз. Бұл – әр жүргізушінің міндеті. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!»

Ұқсас Мақалалар

Back to top button