Жаңалықтар
«Жәнібек жүрекке тиетін сөз айтты»: Әлімханұлын 16 жыл баптаған алғашқы бапкері

Жәнібек Әлімханұлын 7 жасынан бастап кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін жаттықтырған бапкер Мұрат Сиқымбаев жүрегіне тиген сәтін айтып жеткізді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
SauBall YouTube арнасына берген сұхбатында бапкер боксшыны 2001-2017 жылдар аралығында жаттықтырғанын айтты.
«Жәнібек 2017 жылдары маған жүрекке тиетін сөз айтты. «Аға» деді. «Сіз маған бәрін айттыңыз. Әлем чемпионы боламын дедім, болдым. Азия чемпионы боламын дедім, болдым. Азия ойындарының чемпионы боламын дедім, болдым. Неге Олимпиаданы айтпадыңыз?» деді. Мен «Жәнібек, өзің білесің ғой. Олимпиада деген ол – саясат. Олимпиада комитеті бар. Бірінші раундтан бастап жұмыс істемесең…Шахмат секілді. Біреуіне берсе, біреуіне алып қояды. Олимпиада саясат болып кетті» дедім. «Ондай болса Мұрат аға, ренжімеңіз. Батаңызды беріңіз. Келесі Олимпиадаға дейін қалай болады, Құдай біледі. Мен кәсіпқой ауысамын» деді. Мен не деймін? Батамды бердім, ол кәсіпқой боксқа ауысты», – дейді бапкер.