Жаңалықтар
Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты іс бойынша тың мәлімет айтты
Фото: ашық дереккөз
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Нүкеновтер отбасының мүддесін қорғаған адвокат Жанна Уразбахова Instagram желісінде жаңа мәліметтер жариялады. Бұл туралы qandastar.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Адвокат Жанна Уразбахова әлеуметтік желіде Салтанат Нүкенованың өлімі болған түні оқиға орнына барған такси жүргізушісінің әңгімесін жеткізді. Оның айтуынша, адвокат пен такси жүргізушісі 2024 жылы шілде айында Уразбахова Астанаға Жоғарғы сотқа барған кезде кездесіп, тілдескен. Жанна Уразбаховамен әңгімелескен такси жүргізушісінің айтуынша, 2023 жылғы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні такси жүргізушісі гастробарға такси шақырылғанын айтқан. Шақыртуға барған ол таксиді көшеде ер адаммен бірге тұрған қыз шақырғанын білген.
«Қыз таксиге отырмақ болған. Бірақ оның жанында тұрған ер адам оның шынтағынан ұстап алып, көлікке отыруына мүмкіндік бермеген. Таксист олардың арасында жанжал туындағанын біліп, араласқысы келген. Алайда сол кезде ер адам есікті ашып, балағат сөздер айтып, бұл оның әйелі екенін, ешқайда кетпейтінін айтқан. Ол: «Бұл менің мейрамханам, менің кім екенімді білесің бе?» деп айғайлаған. Таксист шыдай алмай, көліктен түспек болғанымен, гастробар күзетшісі оған араша түскен. Ол жүргізушінің кетіп қалуын өтініп, бұл жігіт олардың бастығы екенін, төбелес шығарудың қажеті жоқ екенін түсіндірген», – деп жазды Жанна Уразбахова.
Уразбахованың айтуынша, такси жүргізушісі кетіп қалған, болған жайт туралы әріптестерінің чатына хабарлаған.
«Таңертең сағат 7-8 шамасында оған тағы да гастробардан қоңырау түскен. Бірақ 15 минут күткеннен кейін ол кетіп қалған. Ал бейнебақылау камераларынан осы кезде не болып жатқанын біз білеміз. Сондықтан «Салтанат кетіп қалуы керек еді, өзі қалды» дейтіндер, біле жүріңіздер, ол кеткісі келген, бірақ кете алмаған. Бір жаққа қашып кетуге мүмкіндігі болмаған», – деп жазды Уразбахова.